Қазақстаннан жөнелтілген салмағы 6 тонна күріш фитосанитарлық бақылаудан өтпей, жіберушіге қайтарылды. Бұл туралы Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымда шекарадағы фитосанитарлық бақылау кезінде өнімнен заңбұзушылықтар анықталған.
Атап айтқанда, Өсімдіктерді химияландыру, қорғау және карантин департаментінің Шу-Бішкек басқармасы «Ақ-Жол» бекетінде жүк сертификатындағы мәліметтердің көлік ілеспе құжаттарындағы ақпаратпен сәйкес келмейтінін анықтаған.
Министрлік мәліметінше, анықталған сәйкессіздіктерге байланысты жүк партиясы кері қайтарылған.
«Аталған тауар партиясы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында карантиндік фитосанитарлық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ереженің 3.7-тармағына сәйкес жіберушіге қайтарылды», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.