Қарағандыда жекеменшік мектептердегі хиджаб мәселесіне қатысты жазба жариялаған мұғалім Жарқын Әдікәрімов жұмысынан кетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның әлеуметтік желідегі пікірі қоғамда қызу талқыланған еді.
Жарқын Әдікәрімов Оқу-ағарту министрлігінің жекеменшік мектептерде хиджаб киюге қатысты мәлімдемесінен кейін Threads желісінде жазба жариялап, Қазақстанға "ауыр жаза" қажет екенін жеткізген.
"Қазақтарға, Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек болып тұр. Күшті бір экономикалық зардап шегетін, экономикасы құлдырап кететін. Иә, Алла, күйретші! Әмин", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мұғалімнің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Кейін педагог жазбаны эмоцияға беріліп жариялағанын айтып, көпшіліктен кешірім сұрады. Сондай-ақ еліне жамандық тілемейтінін жеткізді.
Қарағанды облысының білім басқармасы мұғалімнің өз еркімен жұмыстан шыққанын хабарлады. Қазіргі уақытта полиция аталған жазбаға байланысты тексеру жүргізіп жатыр.