Таиландта Қазақстанға бөтен адамның құжатымен ұшпақ болған Шри-Ланка азаматы мен оның екі баласы ұсталды. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы әуелі Таиландқа келген, кейін Малайзияға барып, сол жерден Қазақстанға ұшуға әрекеттенген. Алайда әуежайдағы әуе компаниясының қызметкерлері құжаттардағы сәйкессіздікті байқап, оларды рейске жібермеген.
Осыдан кейін олар Мьянмаға барып, Қазақстанға Бангкок арқылы қайта ұшпақ болған. Дәл осы кезде Таиланд құқық қорғау органдары оларды қолға түсірді.
Тексеру барысында әйел мен үлкен ұлының бөтен адамдарға тиесілі Малайзия паспорттарын пайдаланғаны анықталған. Ал кенже баланың қолында өз атына рәсімделген түпнұсқа Малайзия паспорты болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл оқиғаның артында халықаралық заңсыз көші-қон схемасы болуы мүмкін. Болжам бойынша, Шри-Ланкадағы балаларға Малайзияда заңсыз жолмен құжат рәсімделіп, кейін оларды шынайы паспорттар арқылы басқа елдерге жіберу көзделген.