Freedom Inside '26

Қазақстандықтарға жалған дәрі-дәрмек сатылған

Қазақстандықтарға жалған дәрі-дәрмек сатылған
Фото: ҰҚК

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері көршілес елдерден дәрі-дәрмекті заңсыз тасымалдаумен айналысқан төрт фармацевтикалық компанияның қызметін тоқтатты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер дәрілерді контрабандалық жолмен әкеліп қана қоймай, оларды жасырын цехтарда қолдан жасап шығарған. Сонымен қатар ұйымдастырушыларға пара алу арқылы қамқорлық көрсеткен Фармацевтикалық бақылау департаментінің лауазымды тұлғалары анықталып, ұсталды.

Тауар айналымы мен қаржы қозғалысына жүргізілген талдау контрабандалық және қолдан жасалған өнімдерді өткізуге қатысты көлеңкелі схемалардың болғанын растады. Алдын ала есеп бойынша, өткен жылы мемлекетке 800 миллион теңгеден астам салық төленбеген.

Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінгендер мен олардың сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.