2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) салымшылары міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыра алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін ерікті зейнетақы жинақтарын толық көлемде басқаруға беру мүмкіндігі болған. Енді бұл мүмкіндік міндетті және міндетті кәсіптік жарналардан жиналған қаражатқа да кеңейтілді.
Жинақты бірнеше компания арасында бөлуге болады
Салымшылар өз қаражатын бірнеше басқарушы компания мен түрлі инвестициялық портфельдер арасында бөле алады. Әрбір басқарушы компания үш түрлі инвестициялық портфель ұсына алады:
- консервативті;
- қалыпты;
- тәуекелі жоғары.
Олардың айырмашылығы инвестициялау құралдарына, тәуекел деңгейіне және инвестиция мерзіміне байланысты болады. Нақты ұсыныстар әр компанияның инвестициялық стратегиясына қарай анықталады.
Өтініш қалай беріледі?
Зейнетақы жинақтарын басқаруға беру үшін салымшы рұқсат етілген басқарушы компаниялардың бірін таңдап, БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) өтініш бере алады. Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжатпен қор бөлімшесіне жүгінуге мүмкіндік бар. Қаражатты аудару рәсімі 30 күнтізбелік күнге дейін созылуы мүмкін. Өтініштің орындалу мәртебесін БЖЗҚ сайты мен мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.
Басқарушы компанияны ауыстыру немесе жинақтарды қайтадан Ұлттық банктің басқаруына қайтару тек қаражат берілген күннен бастап бір жылдан кейін ғана мүмкін болады. Бұл ретте қаражат БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында есептелуін жалғастырады.
Басқарушы компаниялардың табысы қандай?
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,43 пайызды құрады.
Жекеменшік басқарушы компаниялардың көрсеткіштері мынадай болды:
- «Сентрас Секьюритиз» – 14,66%;
- Alatau City Invest – 11,22%;
- BCC Invest – 9,93%;
- Halyk Global Markets – 9,45%;
- Halyk Finance – 8,32%.
Соған қарамастан, жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы нарығындағы үлесі әзірге төмен деңгейде қалып отыр. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша олардың басқаруындағы активтер көлемі 109,98 млрд теңгені құраған. Ал Қазақстандағы барлық зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 27,63 трлн теңгеге жеткен. Бұл жалпы көлемнің шамамен 0,4 пайызына тең.