Қазақстандық журналист Юрий Мизинов өмірден өтті

Қазақстандық журналист Юрий Мизинов өмірден өтті
Юрий Мизинов. Фото: Мәдениет және ақпарат минитрлігі

Белгілі қазақстандық журналист, ZonaKZ басылымының бұрынғы бас редакторы Юрий Мизинов 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Юрий Мизинов 1950 жылғы 18 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын "инженер-экономист" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын облыстық статистика басқармасы мен жобалау ұйымдарында бастаған.

1991-1992 жылдары ол "Сары-Арқа" телекомпаниясын басқарды. Кейін "Зебра", "Колесо", «Грач» және «Фаренгейт бойынша 451°» газеттерінің редакцияларында басшылық қызмет атқарды.

2000 жылдың қаңтарында Юрий Мизинов Жәнібек Сүлеев және Айгүл Омаровамен бірге «Навигатор» интернет-газетінің негізін қалады. Кейін редакция құрамына Гимран Ерғалиев қосылды. 2006 жылғы мамырда басылым ZonaKZ атауына көшті.

«Навигатор» мен ZonaKZ қазақстандық қоғамдық-саяси интернет-журналистиканың қалыптасуына елеулі үлес қосты. Басылым беттерінде жаңалықтар, сұхбаттар, сараптамалық материалдар мен баспасөзге шолулар тұрақты жарияланып отырды.

ZonaKZ 25 жылдық жұмысынан кейін 2025 жылғы 1 ақпанда қызметін тоқтатты. Басылымның соңғы үндеуінде Юрий Мизинов әріптестері мен оқырмандарына, сондай-ақ жұбайы Еленаға алғыс білдірген.

2020 жылы журналист азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Журналистер одағының алтын медалімен марапатталды. Сонымен қатар ол Журналистер одағы сыйлығының лауреаты және «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісінің иегері болды.

Юрий Мизиновтың қайтыс болу себебі әзірге жарияланған жоқ.