Қырғызстанның Ыстықкөл жағалауындағы Бостери ауылында Қазақстан азаматы мен 14 жастағы жергілікті тұрғын арасында жанжал туындап, оқиға соңы күш қолдануға ұласқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, зардап шеккен жасөспірім ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған миы шайқалғаны және мұрны сынғаны диагнозын қойған.
Куәгерлердің айтуынша, жанжал әйелдің демалып отырған жерінің маңында жатқан қоқысқа байланысты басталған.
Олардың сөзінше, әйел алдымен балағат сөздер айтып, қыздың мойнынан ұстаған. Айналадағы адамдар араша түсуге тырысқанымен, ол: «Мен әлі ұра да бастаған жоқпын», – деп, қызды жерге құлатып, бірнеше рет соққы жасаған.
Сондай-ақ куәгерлер оқиғадан кейін әйелдің босатылғанын айтқан. Ресми органдар бұл ақпаратқа қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.