Қазақстандық полицей Азия чемпионы атанды

Қазақстандық полицей Азия чемпионы атанды
ІІМ

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің инспекторы Нұрбек Закарин джиу-джитсудан Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Джиу-джитсудан өткен Азия чемпионатында Contact дисциплинасы бойынша 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен полиция қызметкері жоғары дайындық деңгейін танытып, алтын медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, Нұрбек Закарин - джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы, спорт шебері және қоян-қолтық ұрыстан да спорт шебері. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы ҰҚК кубогының, Ішкі істер министрлігі кубогының және Төтенше жағдайлар министрлігі кубогының жеңімпазы атанған, сондай-ақ, қоржынында армиялық қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатының күміс және қола жүлделері бар.

Б.Бейсенов атындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясының түлегі бүгінде ішкі істер органдарындағы қызметін кәсіби спортпен сәтті ұштастырып келеді. Ол тәртіп, табандылық пен өз ісіне деген адалдықтың арқасында қызметте де, халықаралық спорт аренасында да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын дәлелдеп жүр.