Қазақстандық экс-министрдің ұлы халықаралық ұйымның басқарма құрамына енді

Қазақстандық экс-министрдің ұлы халықаралық ұйымның басқарма құрамына енді
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан құс өсірушілер одағының өкілі Максим Божко World Egg Organisation (WEO) халықаралық ұйымының басқарма мүшесі болып сайланды. Ол бұл қызметті бес жыл атқарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Чиновник дереккөзінің мәліметінше, Максим Божко жұмыртқа өндірісі саласындағы 80-нен астам елдің өкілдерін біріктіретін ұйымның басшылық құрамына енген алғашқы қазақстандық атанды.

Сайлау Сингапурда өткен WEO жаһандық көшбасшылар конференциясы аясында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Максим Божко Қазақстандағы құс шаруашылығының даму тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа таныстырды.

Қазақстан құс өсірушілер одағы WEO құрамына сегіз жыл бұрын қосылған. Одақ өкілдерінің пікірінше, қазақстандық маманның ұйым басқармасына сайлануы халықаралық салалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

WEO-ға мүше болу отандық кәсіпорындарға халықаралық стандарттармен, заманауи технологиялармен және ғылыми зерттеулермен танысуға, сондай-ақ әлемдік нарыққа қатысты сараптамалық мәліметтерге қол жеткізуге жол ашады. Бұдан бөлек, бұл қазақстандық өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Максим Божко «Шаңырақ» компаниялар тобының бас директоры әрі тең иелерінің бірі саналады. Ол 2007–2014 жылдары Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігін басқарған, кейін бірқатар мемлекеттік қызмет атқарған Владимир Божконың ұлы.