Қазақстандықтардың миллиардтаған салық қарызы кешірілді

Көркем Алдабергенова 03 қаң. 2026 11:18

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдеріне салынатын жеке табыс салығы толықтай алынып тасталды. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, енді зейнетақы жинақтарынан ай сайынғы төлемдерде де, біржолғы шешіп алуда да 10 пайыздық салық ұсталымы болмайды, деп хабарлайды Dalanews.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

Сонымен қатар, бұрын зейнетақы жинақтарын баспана немесе емделуге пайдаланып, салықты кейінге қалдырған азаматтардың міндеттемелері толық жойылды. Яғни, мемлекет бұл санаттағы қазақстандықтардың салық қарызын кешірді.

Бұған дейін азаматтарға екі таңдау ұсынылатын: зейнетақы қаражатын алған кезде 10 пайыз салықты бірден төлеу немесе оны зейнетке шыққан соң 16 жыл бойы бөліп өтеу. 2026 жылдан бастап кейінге қалдырылған барлық төлемдер аннулирленді.

Алайда бұрын салықты бірден төлегендерге бұл қаражат қайтарылмайды. 2025 жылдың соңына дейін бюджетке түскен төлемдер қайта қаралмайды.

Салықтық жеңілдік тек Қазақстан резиденттеріне қатысты. Елден тұрақты тұруға кеткен азаматтар зейнетақы жинағын алған кезде жеке табыс салығын бұрынғыдай төлейді.

Үкіметтің бағалауынша, бұл өзгерістер бюджетке шамамен 4,1 млрд теңге көлемінде түсімнің азаюына әкелуі мүмкін. Дегенмен билік бұл қадамды әлеуметтік тұрғыдан маңызды деп санайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар