Қазақстандықтар көбіне қай елге жұмыс істеуге кетіп жатыр? Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көші-қон комитетінің төрағасы Әсет Шоновтың айтуынша, кейінгі екі жылда Қазақстанда көші-қон сальдосы оң көрсеткішті көрсетіп отыр. 2025 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша көші-қон сальдосы +7,7 мың адам болған.
"Елге 11,3 мың адам келсе, 3,5 мың адам елден кеткен. Көші-қон өсімі негізінен елдер арасында ТМД елдері мен Қытайға тиесілі. Сонымен қатар, жаһандану үдерісінің әсерінен білікті кадрлардың кету үрдісі әлі де сақталып отыр. Қазақстан азаматтары негізінен Ресейге (8,7 мың адам), Германияға (2 мың адам) кетеді", – деді ол.
Бұдан бөлек Кореяда, Ұлыбританияда жұмыс істеп жүргендер бар. Десе де, министрлік мәліметінше, 2023 жылдан бастап шетелге жұмыс істеу мақсатында кететін Қазақстан азаматтарының саны төмендегені байқалады.
"2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша шетелде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтарының саны – 126 531 адам. Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Ресей Федерациясында (102 460 адам), Корея Республикасында (15 790 адам), БАӘ-де (2 997 адам), Ұлыбританияда (1 912 адам) еңбек етіп жүр", – деді Әсет Шонов.