Қазақстанның 17 өңірінен 1100 адам қатысқан сауалнамада 62% респондент еттің қымбаттауына байланысты оны бұрынғыдай жиі сатып алмайтынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тағы 24,5% азамат осындай себеппен көкөніс пен жеміс-жидек тұтынуды азайтқан.
Бұл DEMOSCOPE қоғамдық пікірді экспресс-мониторинг бюросы жүргізген «Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігін қабылдау» зерттеуінің нәтижесі.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, азаматтардың 74,7%-ы соңғы алты айда азық-түлік бағасының өсуіне алаңдаулы. Ал 6,9% респондент бағаның қымбаттауы оларды мүлде мазаламайтынын айтқан.
Есепте қазақстандық отбасылардың шығынының жартысынан астамы (50,6%) азық-түлікке жұмсалатыны көрсетілген.
Сауалнама нәтижесі бойынша:
- 62% – етке,
- 24,5% – көкөніс пен жеміске,
- 20,5% – балыққа,
- 16,9% – сүт өнімдеріне,
- 12,1% – нан мен ұн тағамдарына үнемдей бастаған.
Ал 11,2% респондент шұжық өнімдерін сатып алудан бас тартқан, 10,9% тәтті тағамдарды қысқартқан.
Дегенмен 24,1% азамат бұрынғыдай азық-түліктен үнемдемей, үйреншікті тағамдарын сатып алып жүр.
Қызығы, бағаның өсуіне қарамастан, қазақстандықтар азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін - сапа, қолжетімділік және баға тұрғысынан - әлі де оң бағалап отыр.
Респонденттерден бұл деңгейді 5 балдық шкала бойынша бағалау сұралған: 5 – өте жоғары, 1 – өте төмен. Нәтижесінде 45,1% азамат азық-түлік жүйесінің тұрақтылығын жоғары бағалаған (оның ішінде 25% – өте жоғары, 20,1% – жоғары). Ал 19,6% сын көзбен қарайды: 11,3% – өте төмен, 8,3% – төмен деп есептейді. 35,3% орташа деңгейде деп бағалаған.
Тағы бір қызықты тұжырым - 64,3% азамат алдағы бес жылда Қазақстан толық азық-түлік өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жетеді деп сенеді. Тек 16,7% бұл пікірге күмәнмен қарайды.
Сонымен қатар, респонденттердің 53,7%-ы қазіргі таңда отандық өнім импорттық тауарлардан қымбат екенін атап өткен.
Сауалнама телефон арқылы жүргізілген. Қатысушылардың 46,9%-ы ер адамдар, 53,1%-ы әйелдер. 62% қазақ тілінде, 38% орыс тілінде жауап берген. Респонденттердің 77,8%-ы қазақ, 12,1%-ы орыс және 9,7%-ы өзге ұлт өкілдері. 65,9% қалада, 33,4% ауылда тұрады.
