Қарағандыдағы "Tau-Ken Temir" кремний зауыты Америка билігімен тағы да соттасып жатыр. Тағы дейтін себебіміз, отандық кремний өндіретін зауыт еліміздің сауда министрлігінің қолдауымен 2022 жылы америкалық мемлекеттік органмен соттасқан. Өйткені 2020-2021 жылдары Tau-Ken Temir АҚШ-қа жеткізген өнімі бойынша өтемақыға қатысты тергеу нәтижелеріне келіспей, сотқа жүгінген. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдауға байланысты 160% өтемақы бажын енгізуге қатысты, деп жазады Dalanews.kz.
Бұған дейін осыған ұқсас тергеуді америкалық сауда мемлекеттік органдары 2017-2018 жылдары жүргізген, деп жазады inbusiness.kz, бірақ ол кезде баж салығы алынып тасталған. Ал бүгінгі аппеляциялық сот туралы мәлімет courtlistener.com сайтында жарияланған.
2022 жылы, өздеріңіз білетіндей, кремний зауыты әлі де "Тау-Кен Самұрық" тау-кен мемлекеттік холдингіне тиесілі еді. Сонымен қатар, ол бастапқыда Қазақстанның Даму банкінің (ҚДБ) қарыз ақшасына салынып, "Бәйтерек" Ұлттық холдингі құрылымдарының араласуымен сауықтырылған.
Америкалық нарық "Tau-Ken Temir" үшін маңызды, сондықтан АҚШ-қа жеткізілімнің кілт доғарылуы 2019 жылғы өндіріс жұмыстарының тоқтауында шешуші рөл атқарды. Сондықтан бүгінгі сот ісінде "Tau-Ken Temir" тергеу барысында АҚШ билігімен ынтымақтастықта болғанын дәлелдеуге тырысады, дегенмен ол талап етілген құжаттарды тапсыру жағынан кешігіп қалған. Бұл арада мемлекеттік қолдаудың бар-жоғына талдау жүргізу үшін компанияларға жолданатын сауалнама туралы сөз болып отыруы мүмкін.
"Жұмада (10 қаңтар - шамамен) федералды округтің апелляциялық соты алқабилерінің "қазақстандық металлургиялық компания Tau-Ken Temir (TKT) ЖШС-ға АҚШ сауда министрлігінің келісілген мерзім уақытын сақтамағаны үшін 160% деңгейіндегі жоғары өтемақы бажын енгізуі орынды ма" деген мәселе бойынша тыңдалымда жауаптарға көңілі толмады. Істің мәні ТКТ субсидияға қарсы тергеу барысында құжаттарды уақытында бере алмауына байланысты сауда министрлігі тарапының айыппұл санкциясын қолдануы заңды-заңсыздығына байланысты айқындалады", - деп жазады USA Herald америкалық басылымы бұл іс өзгелерге үлгі болуы мүмкін екенін түсіндіріп.
2024 жылдың тамыз айында "Tau-Ken Temir" және Қарағанды облысындағы Ақтас кварц кен орнынан шикізат тасымалдаушы Silicon Mining компаниясындағы 55% үлесті Metaleen Investments Holdings LLC және TSP Aluminyum Anonim Sirketi компанияларының консорциумы 4,9 млрд теңгеге жекешелендіріп алғаны белгілі. Біріншісі Қатарда тіркелген, ал екіншісі – түрік компаниясы.
Бәлкім, бұл мәмілелер "Tau-Ken Temir" енді мемлекеттік компания емес, демек, мемлекеттік қолдаудан да алшақ дегенді білдіріп, кәсіпорын негізгі америкалық нарыққа өтемақы бажынсыз экспортты қалпына келтіргісі келіп жатқан шығар. Осы жағынан алғанда, кремний зауыты Қарағандыда өз қызметін жалғастыру үшін АҚШ-тағы сот талқысында жеңіске жетеді деп үміттенеміз. Екі жыл бұрын бұл зауыттың 2023 жылдың төртінші тоқсанында қайта іске қосылуы мүмкін екені айтылған. Дегенмен, өзіміз куә болып отырғандай, қазір 2025 жыл болды, әзірге зауыт әлі тұралап тұр.