Денсаулық сақтау саласындағы қаржы тапшылығы 550 млрд теңгеден асты — Аймағамбетов

Қаракөз Амантай 21 қаң. 2025 16:03 491

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру тапшылығының тереңдей түскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәселе жүйедегі ұзын-сонар кезек пен медициналық қызметтердің сапасына тікелей әсер етіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Мемлекет өздері үшін төлеуге мүмкіндігі жоқ 15 санаттағы азаматтар үшін Қорға жарналарды төлеуге міндетті. Алайда заң бойынша жарналар орташа жалақы негізінде есептелуі керек болса да, іс жүзінде олар медианалық жалақы негізінде есептеліп келеді. Соның салдарынан тек 2024 жылы медициналық ұйымдар 300 млрд теңгеден қағылды,” – деді депутат.

Ол сондай-ақ республикалық бюджет туралы заңның бұзылуына тоқталып, медианалық жалақы бойынша есептелген сома толық төленбегенін жеткізді. Айтуынша, бұл 2024 жылы ауруханалардың тағы 252 млрд теңгеге қаржыландырылмауына әкеліп, жиынтық қаржыландыру тапшылығы 550 млрд теңгеден асып кеткен.

“Бұл виртуалды ақша емес. Бөлінбеген қаражат – мыңдаған операция, реабилитация, дәрі-дәрмектер, МРТ, КТ және басқа да өмірлік маңызды емдеу шараларын құрайды,” – деп атап өтті Аймағамбетов.

Депутаттың сөзінше, мемлекет өз міндеттемелерін орындаудың орнына, азаматтарға медициналық сақтандыру қорына қосымша жарна төлеуді ұсынуда.

“Мәселені шешу үшін жарнаны көтеру емес, заңға сәйкес бюджеттік міндеттемелерді толық орындау жеткілікті болар еді,” – деді ол.

Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, бұл тек медициналық қызметтердің қолжетімділігіне ғана емес, халықтың жүйеге деген сеніміне де кері әсерін тигізеді.

Қаңтардың соңында өтетін үкіметтік сағатта Денсаулық сақтау министрлігінің есебі тыңдалып, осы мәселелер бойынша Президент тапсырмаларының орындалуы талқыланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар