Алдағы он жыл ішінде жасанды интеллекттің ықпалы Қазақстандағы барлық жұмыс күшінің шамамен 41%-ына әсер етеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, толықтай автоматтандыру қаупі төнген жұмыс орындарының үлесі 1%-дан аз. Бұл мамандықтардың жаппай жойылуын емес, олардың ішіндегі міндеттер мен функциялардың қайта құрылатынын көрсетеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бүгінде жасанды интеллект еңбек нарығын бұрынғы технологиялық революциялармен салыстырғанда әлдеқайда жылдам өзгертетінін айтты.
Оның сөзінше, бұған дейін еңбек саясаты көбіне туындаған мәселелерге жауап беру қағидатымен құрылған. Яғни адам жұмысынан айырылса – қайта даярлау ұйымдастырылады, өндірістік жазатайым оқиға болса – бақылау күшейтіледі.
«Жаңа жағдайларда мұндай тәсіл жеткіліксіз. Сондықтан әлем елдерінің еңбек министрліктері салдармен күресуден өзгерістерді алдын ала болжауға және деректер негізінде тәуекелдерді басқаруға көшуі қажет», – деді министр.
Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші тоқсанында 15 жастан жоғары халық арасындағы жұмыспен қамту деңгейі 64,1%-ды құрады. Ал жұмыс күшіне шаққандағы жұмыспен қамту көрсеткіші 95,5% болған.
Міндетті зейнетақы жарналары негізінде есептелген деректерге сәйкес, 2025 жылдың төртінші тоқсанында жұмыспен қамтылған халық саны 5,559 миллион адамға жеткен. Бұл Қазақстан халқының жалпы санының 27,1%-ына тең.