Қазақстандағы киберқауіпсіздік: KazHackStan 2026-да қандай мәселелер көтерілді?

Қазақстандағы киберқауіпсіздік: KazHackStan 2026-да қандай мәселелер көтерілді?
Paparazzii

Жасанды интеллект кибершабуылдардың тәсілін өзгертіп жатқан кезде цифрлық қауіпсіздік енді тек техникалық мамандардың мәселесі емес. Мемлекеттік жүйелер, бизнес, азаматтардың деректері мен күнделікті цифрлық сервистердің тұрақтылығы бір-бірімен тікелей байланысты. Осы мәселе Астанада өткен KazHackStan 2026 халықаралық конференциясының негізгі өзегіне айналды, деп хабарлайды dalanews.kz.

29–30 қыркүйекте «Тәуелсіздік сарайында» өткен конференция Орталық Азиядағы киберқауіпсіздік саласындағы ірі кәсіби алаңдардың біріне айналды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, екі күн ішінде шараға шамамен 10 мың адам қатысып, Қазақстаннан және шетелден 100-ден астам спикер сөз сөйледі.

Биылғы конференцияның негізгі тақырыбы Cyber Resilience, яғни цифрлық шабуылдың алдын алумен қатар, шабуыл болған жағдайда жүйелердің жұмысын сақтап, қысқа уақытта қалпына келу қабілеті болды.

Бұл тәсілдің өзектілігі жасанды интеллектінің кең таралуымен де байланысты. AI құралдары ақпаратты өңдеу мен қорғаныс жүйелерін жетілдіруге мүмкіндік бергенімен, оларды киберқылмыс тәсілдерін күрделендіру үшін де пайдалануға болады. Сондықтан конференцияда қауіпсіздік мәселесі тек шабуылды тоқтатумен шектелмей, цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан қаралды.

Форумның мемлекеттік сектор мен бизнеске арналған пікірталастарында ұлттық кибертұрақтылық, шағын және орта бизнесті қорғау, Bug Bounty бағдарламаларын дамыту және жасанды интеллектінің қауіпсіздікке әсері сөз болды.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев киберқауіпсіздік мәселесінің ұлттық деңгейдегі маңызын атап өтті.

«Киберқауіпсіздік бүгін – ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда киберқауіпсіздік туралы заң қабылданып, дербес деректерді қорғауға қойылатын талаптар жаңартылған. Сонымен қатар аса маңызды 400-ден астам нысан ерекше бақылауға алынған.

Конференцияда қауіптің сипаты да өзгеріп келе жатқаны айтылды. «Digital Distrust: How AI Changes the Rules of the Game for Fraudsters and Defenders» сессиясында жасанды интеллектінің алаяқтар мен қорғаныс мамандары арасындағы күреске ықпалы талқыланды.

Осы ретте әлеуметтік инженерия, OSINT және цифрлық криминалистика сияқты бағыттарға да назар аударылды. Сарапшылар дербес деректерді қорғау, AI-агенттерінің қауіпсіздігі, дезинформация және қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл мәселелерін қарастырды.

Астана жасанды интеллектіні сынақ алаңына айналуы мүмкін

KazHackStan аясындағы тағы бір маңызды бағыт – жасанды интеллектіні қалалық ортада қолдану мәселесі болды. Астанада жұмыс істейтін AI Council отырысында мемлекеттік органдар, технологиялық компаниялар мен сарапшылардың өзара іс-қимылы талқыланды.

Кеңес 2025 жылы Астана әкімдігі жанындағы консультативтік орган ретінде құрылған. Оның міндеттерінің қатарында AI-ді қала инфрақұрылымы мен басқару жүйесіне енгізу, стартаптарды қолдау, кадрлық әлеуетті дамыту және мемлекет, бизнес пен университеттер арасындағы байланысты күшейту бар.

Astana Hub халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев жасанды интеллект нақты қалалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанда ғана практикалық құндылыққа ие болатынын атап өтті.

Оның мәліметінше, соңғы үш жылда Астана әкімдігі мен Astana Innovations бірлесіп акселерациялық бағдарламалар өткізіп, 67 жобаға қолдау көрсеткен. Оның 36-сына өз шешімдерін қалада енгізуге мүмкіндік берілген.

Ендігі міндет – жекелеген пилоттық жобаларды қаланың кең ауқымына шығару. Бұл жерде мемлекет инфрақұрылым мен жағдай қалыптастырса, бизнес сұранысты анықтап, стартаптар технологиялық шешімдерді сынақтан өткізіп, жетілдіреді деген тәсіл ұсынылды.

Киберқауіпсіздік тек технология емес

Конференция барысында цифрлық қауіпсіздіктің тағы бір қыры – мамандардың біліктілігін арттыру мен тәжірибе алмасу мәселесі де көтерілді.

Қазақстан Ұлттық банкінің Цифрлық даму орталығы мен TSARKA цифрлық даму және киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар ақпараттық қауіпсіздік саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асырып, технологиялық шешімдерді сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар семинарлар, тренингтер және кибероқу жаттығуларын өткізу көзделген.

Бұл бағыттың маңызы киберқауіптердің тек бағдарламалық қамтамасыз ету немесе серверлерге шабуыл жасаумен шектелмейтіндігімен байланысты. Қауіпсіздік жүйесінің әлсіз тұсы кей жағдайда технология емес, оны пайдаланатын адам болуы мүмкін. Сондықтан мамандардың дайындығы, ұйым ішіндегі қауіпсіздік мәдениеті және кибероқу да қорғаныстың бір бөлігіне айналып отыр.

Киберқауіпсіздікке қызығушылық мектептен басталады

KazHackStan 2026 аясында жасөспірімдер арасында да ұлттық іріктеу ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары International Cybersecurity Olympiad 2027 халықаралық олимпиадасына Қазақстан құрамасына ену үшін Jeopardy CTF форматында бақ сынады.

Нәтижесінде бірінші орынды Несіпаев Ильяс, екінші орынды Қайыргелді Нұрали, үшінші орынды Хамидолла Нұрахмет иеленді. Үздік ондыққа Рымбек Дәуіт, Марат Жангир, Боларбек Бекнур, Бекетов Дәужан, Мұхаметқали Алихан, Маратова Аружан және Алимов Арман кірді.

Бұл ретте конференция тек теориялық пікірталас алаңы болған жоқ. Оның техникалық бөлігінде мамандар нақты кибершабуылдарды талдау және оларға қарсы қорғану тәсілдерін қарастырды.

Secure Development & Hack Day бағдарламасында AppSec және DevSecOps, бұлтты инфрақұрылым, LLM және AI-ассистенттер, криптография, зиянды бағдарламалар, аппараттық қауіпсіздік және кибершабуылдарды талдау мәселелері қамтылды.

Қазақстанның өз электроникасын дамыту және chip design бағыты да жеке талқыланды.

CyberKumbez: шабуыл мен қорғаныс сынағы

Конференцияның практикалық бөлігіндегі негізгі жарыстардың бірі CyberKumbez болды. Қатысушылар екі бағытта – шабуылдаушы Red Team және қорғаушы Blue Team форматтарында бақ сынады.

Red Team санатында бірінші орынды FR13NDS TEAM, екінші орынды ZeroTrust, үшінші орынды AzCyberForce иеленді.

Blue Team бойынша Pepe_schnelle бірінші, rasmgaol екінші, ZHAUBASAR үшінші орын алды.

Мұндай форматта қатысушылар теориялық біліммен шектелмей, нақты сценарийлерге жақын жағдайда жүйені бұзу немесе қорғау міндеттерін орындады.

Келесі кезең – технологияны тұрақты қорғау

KazHackStan 2026 қорытындысы киберқауіпсіздік күн тәртібінің жасанды интеллектінің дамуымен қатар күрделене түсіп отырғанын көрсетті. Енді цифрлық жүйені қорғау тек шабуылдың алдын алумен шектелмейді. Мемлекет пен бизнеске шабуыл кезінде жұмысты жалғастыру, деректердің қауіпсіздігін сақтау және жүйені тез қалпына келтіру қабілеті де қажет.

Конференция AI MONTH 2026 бағдарламасы аясында өтті. Іс-шаралар 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында Цифрландыру және жасанды интеллект жылына арналған бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылуда.

KazHackStan 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы конференцияны TSARKA Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен және Астана әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.