Қазақстанда үйдегі интернет бағасы әлемдегі ең қолжетімді интернеттердің бірі саналады. Бұл туралы Global Broadband Price League рейтингінің деректері көрсетеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстан тіркелген (фиксирленген) интернет құны бойынша 214 елдің ішінде 19-орынға жайғасқан. Сарапшылар еліміздегі 11 тарифтік ұсынысты талдап, рейтингке енгізілген орташа бағаны айына 7 499 теңге немесе 15,23 АҚШ доллары деп есептеген.
Осылайша, жаһандық салыстыруда Қазақстан үй интернеті арзан елдердің қатарына кіреді.
Салыстыру үшін, Жапонияда тіркелген интернеттің орташа айлық құны 32,62 долларды құрайды. Бұл Қазақстандағы көрсеткіштен екі еседен астам жоғары. Рейтингте Жапония 76-орында болса, Қазақстан 19-орынға орналасқан.
Рейтинг қалай жасалды?
Зерттеу авторлары әлемнің 214 еліндегі 2 631 интернет тарифін саралаған. Қазақстан бойынша 11 тарифтік жоспар іріктеуге енгізілген.
Рейтингте тек тіркелген интернет қызметтері есепке алынған. Мобильді интернет, 4G және 5G тарифтері зерттеуге кірмеген. Сонымен қатар корпоративтік ұсыныстар да қарастырылмаған.
Теледидар, ұялы байланыс және басқа қызметтермен бірге ұсынылатын пакеттер мүмкіндігінше есептен шығарылған. Егер белгілі бір елде интернет жеке қызмет ретінде сатылмаса, құрамында интернеті бар ең арзан пакет негізге алынған.
Тарифтер тек ең арзан ұсыныстар арасынан таңдалмаған. Сарапшылар әртүрлі жылдамдықтағы қызметтерді қамтуға тырысқан. Атап айтқанда, 30 Мбит/с дейінгі, 31–100 Мбит/с, 101–300 Мбит/с, 301–999 Мбит/с және гигабиттік тарифтер қарастырылған.
Зерттеу барысында жаңа абоненттерге арналған уақытша жеңілдіктер, қосылу ақысы, роутер құны, кэшбэк және басқа да жарнамалық ұсыныстар есепке алынбаған. Тек ай сайынғы стандартты төлем мөлшері негізге алынған.
Қазақстанға интернет бағасын арзандатудың қажеті бар ма?
Зерттеу әдістемесінде елдердің рейтингі ең арзан тариф бойынша емес, тарифтердің медианалық көрсеткіші арқылы анықталған. Яғни сарапшылар нарықтағы әдеттегі баға деңгейін көрсетуге тырысқан.
Сондықтан Қазақстанға үй интернетінің бағасы бойынша әлемді қуып жету керек деген пікірлерге статистика керісінше жауап береді. Номиналды долларлық көрсеткіш бойынша еліміздегі тіркелген интернет көптеген дамыған мемлекеттерге қарағанда арзан. Олардың қатарында Жапония, Ұлыбритания, Германия, АҚШ және Оңтүстік Корея бар.
Сарапшылардың пікірінше, саланың негізгі міндеті интернетті кез келген жолмен арзандату емес. Басты мақсат – қолжетімді бағаны сақтай отырып, абоненттердің талаптарына сай келмейтін өңірлерде қызмет сапасын жақсарту.