Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі босандыру ұйымдарына жүргізілген тексерудің қорытындысын жариялады. Мамандар жоспарланған 84 медициналық мекеменің 82-сін тексеріп, оның 29-ынан дезинфекциялау және зарарсыздандыру талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру барысында 35 перинаталдық орталық пен 47 перзентхана бөлімшесі қамтылған. Мамандар медициналық мекемелердегі инфекциялық қауіпсіздік шараларын, құрал-жабдықтарды зарарсыздандыру тәртібін, сондай-ақ желдету және сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайын бағалады.
Бұған қоса, жұқпалы ауруларды дер кезінде анықтау және инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысы зерделенді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 81 санитарлық нұсқама берілді.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына берілген нұсқамалардың орындалуын ай сайын бақылауды тапсырды. Босандыру ұйымдары өздерінің санитарлық-техникалық жағдайын белгіленген талаптарға сәйкестендіруге тиіс.
Тексерудің келесі кезеңінде балалар ауруханалары қамтылады. Одан кейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың жұмысы тексерілмек.