Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі ең жас және ең егде шенеуніктердің рейтингі жасалды, деп хабарлайды Dalanews.kz Dailybiz.kz-ке сілтеме жасап.
Ашық деректерге сүйенген тізімде вице-министрлер, әкімдер, агенттік төрағалары мен орталық мемлекеттік органдар басшылары қамтылған.
Ең жас шенеуніктер
Ең жас шенеуніктер рейтингінде көш бастаған – 32 жастағы Асылбек Ахметжанов. Ол – оқу-ағарту вице-министрі. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 9 жыл, айлығы – 1,52 млн теңге.
Екінші орында 33 жастағы Әзімбек Пазылбекұлы. Ол Түркістан қаласының әкімі, еңбек өтілі 12 жыл, жалақысы – 836,9 мың теңге.
Үшінші және төртінші орындарды 34 жастағы шенеуніктер иеленген. Атап айтқанда, энергетика вице-министрі Қайыржан Тұтқышбаев (өтілі 14 жыл) және жасанды интеллект пен цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун (өтілі 11 жыл). Екеуінің де айлығы – 1,52 млн теңге.
Бесінші орында – әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков (34 жас, өтілі 10 жыл).
Алтыншы орын – Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов (35 жас, жалақысы 836,9 мың теңге).
Рейтингтің қалған бөлігінде де негізінен вице-министрлер бар. Олардың қатарында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин, мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров, ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, экология және табиғи ресурстар вице-министрлері Нұрлан Құрмалаев пен Мансұр Ошурбаев бар. Бұл шенеуніктердің жасы 36–37 аралығында.
Ең кәрі шенеуніктер
Ең егде шенеуніктер рейтингінде 64 жастағы Нұрлан Әбдіров бірінші орынға шықты. Ол – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, мемлекеттік қызметтегі өтілі 43 жыл.
Екінші орында – экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев (64 жас, өтілі 41 жыл).
Үшінші және төртінші орындарды 62 жастағы шенеуніктер иеленген: ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха және Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.
Бесінші орында – Бас прокурор Берік Асылов (61 жас).
Алтыншы орында – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Рейтингтің соңғы бөлігінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов және Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев бар. Олардың жасы – 60–61 аралығы.
Рейтинг деректері Қазақстанда басқару жүйесінде бір мезетте әрі жас кадрлар, әрі ондаған жылдық тәжірибесі бар шенеуніктер қатар қызмет атқарып отырғанын көрсетеді.
