Қазақстандағы ең ірі салық төлеуші кім?

Dalanews 16 қаз. 2018 14:58 1494

Мемлекет басшысы ел экономикасына шетелдік инвестицияны көптеп тарту қажеттігін қай кезде болмасын қайталап айтудан жалыққан емес.




Тәуелсіздіктің елең-алаңында әлемге әйгілі шетелдік компанияларды ел қойнауындағы қазба байлықты игеруге шақырып, осы арқылы экономиканы "тірілтуге" тырысқан еді біздің ел. Соған орай – Шетелдік инвесторлар кеңесін де құрған. Мемлекет осы арқылы үкімет пен шетелдік инвестордың арасында емен-жарқын диалог орнатуды мақсат тұтқан-тұғын.

Қазір бұл ұйымның құрамына құрамына 35 ірі трансұлттық шетелдік компания мен халықаралық ұйымдардың басшылары кіреді.


Мемлекеттің шетелдік инвесторды елге шақырған бастамасы босқа кетпеген сияқты.

Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанда бір тұрғынға шаққанда инвестиция көрсеткіші әлемде орта есептен, ал дамушы елдерден екі есе жоғары.



Мұның себебі айтпаса да түсінікті. Шикізат бағасы көтерілгелі мұнайдың үстінде отырған Қазақстан инвестициялық тұрғыдан тартымды елге айналып шыға келді. 

Шикізат демекші, мұнайдың бағасы құлдырағалы мемлекеттен маза қашқаны тағы рас. Forbes-тың дерегінше, Ресейге салынған санкциялар күш алғалы  Қазақстанға құйылатын тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) төмендеп кеткен.


"Дүниежүзілік банктің болжамы расқа айналса,  2020 жылға қарай елімізге құйылатын шетел инвестицияның көлемі жылына 5,2 – 5,3 млрд доллардан аспайды.

Қазақстанға тікелей инвестиция салып отырған мемлекеттердің 5-тігі осыдан екі жыл бұрын былайша түзіліпті: 

Нидерланды — 4,39 млрд доллар, АҚШ — 3,05 млрд доллар, Франция — 938 млн доллар, Жапония — 447 млн доллар және Гонконг — 353 млн доллар.

Инвестор демекші, Forbes Kazakhstan "Бюджетке ең көп мөлшерде салық төлеген мемлекеттік емес шетелдік компаниялардың рейтингін"  түзіпті.  25 компания еніпті бұл тізімге.

Forbes бүй дейді: "2016 жылы қазақстандық-шетелдік орта және ірі компаниялар бюджетке төлеген 4,9 трлн теңге салықтың 22 пайызын ТОП-25-ке енген компаниялар аударған".

Мемлекетке ең көп мөлшерде салық төлеген шетелдік компаниялардың топ басында – «ТеңізШеврОйл» ЖШС-ы тұр. Компания акциясының 50 пайызы америкалық Шеврон корпорациясына тиесілі. 


2016 жылы Шеврон Қазақстанның бюджетіне 482 млрд. теңге аударыпты.

Айтпақшы

2017 жылғы "Қазақстандағы 50 ең ірі салық төлеушінің" көшін тағы да – Шеврон бастады.

"Былтырғы жылы компания мемлекетке– 1,1 трлн. теңге салық төлеген" деп жазады LS. 


Жалпы 1993 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта Шеврон Қазақстанға 125 миллиард доллардан астам қаржы құйған. 

1993 жылдан бастап осы күнге дейін ТШО қазақстандық компаниялардың 24 миллиард  долларын құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланған.

Бүгінгі таңда ТШО-да еңбек ететін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 80 пайыздан асып жығылған (1993 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызды құраған-тұғын).

Мемлекет басшысы да Шевронмен арадағы берік байланыстың ел экономикасы үшін ерекше маңызы барын сөз орайында айтып отырады. 

Жыл басында «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің жаңа төрағасы әрі бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен жүздескен Назарбаев:

"Сіздер оңай өңделетін мұнайдың әлемдегі ең терең әрі ірі кен орындарының біріне инвестиция құйып отырсыздар. Қазіргі таңда оны тасымалдау мәселелері шешілді. Бұл «Шеврон» компаниясының ең ірі активтерінің бірі екенін атап өткен жөн", – деген болатын.

Бұдан бұрын...


Dalanews-ке «Теңізшевройл» ЖШС-ы Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының директоры Мик Крейли сұхбат берген.


 



«ККЖ-ҰЕҚБЖ (Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы) –  Теңіз кен орнындағы қолданыстағы зауыттардың толық қуатта жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бір мезгілде жүзеге асырылатын біріккен жоба.


Бұл жоба Теңіз кенішінің жылдық мұнай өндірісі көлемін шамамен 12 млн тоннаға арттырып, жалпы мұнай өндірісі көлемін 39 млн тоннаға дейін жеткізеді деп үміттеніп отырмыз. Бұл Қазақстан экономикасына да зор серпін әкелетін дүние болмақ.


Ал жұмыс күшіне қатысты алаңдамаңыздар. Қазірде 20 мыңнан астам Қазақстан азаматтары ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының ел ішінде орналасқан өндіріс алаңдары мен жұмыс орындарында қызмет етіп жатыр, бұл дегеніміз – жобаның Қазақстандағы жалпы жұмыс күшінің 92 пайызы», – деген еді сол жолы Крейли.

Жасырары жоқ, Шеврон Теңіз кен орнын одан әрі кеңейтудің шарапаты мол болады деп үміттеніп отыр. Біз білсек, мұндағы алғашқы мұнай 2022 жылы өндірілмек.

Бізді мазалайтыны: "Бұл жоба Қазақстан экономикасына қаншалықты пайда әкеледі?".



Крейли мырза, бұл сауалымызға: 

  1. Құрылыс және жасап шығару жұмыстарының қызған шағында шамамен 20 000 жұмыс орны ашылатын болады.

  2. Қазақстандық мердігерлерді қамту біз үшін ең маңызды мәселе. ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының жобалау, сатып алу және жасап шығару қызметтеріне 1700 қазақстандық кәсіпорынды тарту үшін бастапқы іріктеуден өткізді.

  3. ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы Қазақстандағы бизнеске және адамдарға озық технологиялы құралдарды пайдалану, жаңа оқыту ұйымдарын ашу және модульдерді жасап шығару сияқты жаңа мүмкіндіктер ашады, – деп жауап берген еді. 


Былтырғы жылы ел бюджетіне ең көп мөлшерде салық төлеген 10 компанияның тізімі былайша түзіліпті: 

  1. «Теңізшевройл»— 1,1 трлн теңге (+2,3 есе)

  2.  «Қарашығанак Петролиум Оперейтинг Б.В.» Қазақстандық филиалы — 231,9 млрд теңге (+2,1 есе)

  3.  «Маңғыстаумұнайгаз» — 188 млрд теңге (+54,5 пайыз)

  4.  «Казхром» трансұлттық компаниясы — 98,4 млрд теңге (+55,3 пайыз)

  5.  «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» — 90,4 млрд теңге (+1,6 есе)

  6.  «Қазцинк» — 88,4 млрд теңге (+19,3 пайыз)

  7.  «Өзенмұнайгаз» — 76,2 млрд теңге (+28,7 пайыз)

  8.  «Би Джи Қарашығанақ Лимитед» Филиалы — 69,5 млрд теңге (+13,6 пайыз).

  9.  «Джей Ти Ай Қазақстан» — 68,7 млрд теңге (+20,3 пайыз)

  10. . «Филип Моррис Қазақстан» — 67,4 млрд теңге (+21 пайыз)


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар