Қазақстанда жеті айда құрылыс жұмыстарының көлемі 15,3%-ға өсті

Қазақстанда жеті айда құрылыс жұмыстарының көлемі 15,3%-ға өсті
pixabay.com

Қазақстанда 2026 жылғы қаңтар-шілдеде құрылыс жұмыстарының көлемі 15,3%-ға өсіп, 5 061,1 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде автомобиль жолдары, теміржолдар мен метрополитен құрылысының үлесі 24,7%-ды құрады. Тұрғын емес ғимараттар құрылысының үлесі 21,4%, тұрғын үй құрылысының үлесі 13,4% болды.

Орындалған құрылыс жұмыстарының 90,1%-ы жеке құрылыс ұйымдарына тиесілі. Шетелдік ұйымдар 9,2%, мемлекеттік құрылыс ұйымдары 0,7% жұмыс атқарды.

Құрылыс жұмыстары көлемінің жылдық өсімі негізінен имараттарды салу және жөндеу жұмыстарының 19,5%-ға артуымен байланысты.

Өңірлер бөлінісінде 18 өңірде құрылыс жұмыстары көлемінің өскені байқалды. Ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркеліп, көрсеткіш үш есеге артты.

Сонымен қатар Қызылорда облысында құрылыс жұмыстары 34,9%-ға, Павлодар облысында 32%-ға, Атырау облысында 27,9%-ға, Түркістан облысында 25,7%-ға, Шығыс Қазақстан облысында 24,5%-ға, Абай облысында 23,1%-ға және Қостанай облысында 22,3%-ға өсті.

Батыс Қазақстан облысында өсім 17,3%, Жамбыл облысында 14,7%, Алматы қаласында 23,3% болды.

2026 жылғы қаңтар-шілдеде пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 12,339 млн шаршы метрді құрады.

Осы кезеңде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға өсіп, 9,746 млн шаршы метрге жетті. Оның ішінде 6,5464 млн шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге, 3,1579 млн шаршы метрі жеке тұрғын үйлерге тиесілі.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің басым бөлігі, яғни 9,2895 млн шаршы метрі немесе 95,3%-ы жеке құрылыс салушылардың үлесінде. Оның ішінде 3,3213 млн шаршы метр тұрғын үйді халық өз күшімен пайдалануға берген.

Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша да жаңа нысандар пайдалануға берілді.

Қаңтар-шілде айларында 18 090 оқушы орнына арналған 32 жалпы білім беретін мектеп, 4 207 орынға арналған 32 мектепке дейінгі ұйым және ауысымына 198 келушіге арналған 6 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді.

Сонымен қатар ауруханаларда 120 қосымша төсек-орын іске қосылды.