Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі артып келеді. 2025 жылы қылмыстық құқықбұзушылықтарға күдікті ретінде 2,5 мың жасөспірім танылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,5%-ға көп және соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, деп хабарлайды dalanews.kz Finprom-ға сілтеме жасап.
Ауыр қылмыстар көбейген
Статистикадағы ең алаңдатарлық жайттардың бірі – сотталған жасөспірімдердің басым бөлігі ауыр санаттағы қылмыстар үшін жауапқа тартылған. Дерекке сәйкес, сотталған кәмелетке толмағандардың 70%-дан астамы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Бұл жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың сипаты күрделеніп бара жатқанын көрсетеді.
Әр бесінші жасөспірім түрме жазасын алған
Сараптамаға сәйкес, сотталғандардың әр бесіншісі бас бостандығынан айыру жазасын алған. Сотталғандардың негізгі бөлігін 16-18 жас аралығындағы бозбалалар құрайды.
Сарапшылар жасөспірімдер қылмысының өсуі алдын алу шараларын күшейту, құқықтық сауаттылықты арттыру және жастармен жұмысты қайта қарау қажеттігін көрсететінін айтады.