Қазақстанда 2027 жылдан бастап мұнай өнімдерін міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізіміне енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазір елде отынды молекулалық таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында мұнай өнімдеріне арнайы маркер қосылады. Маркердің бар-жоғын мобильді талдау құрылғысының көмегімен анықтауға болады.
Көлеңкелі нарықты анықтау мақсатында мамандар 17 түрлі тауар санатына талдау жүргізген. Нәтижесінде мұнай өнімдерінің үлесі 37,3 пайызды құраған. Пилоттық жоба 1 қыркүйекте басталды. Қазір зертханаларда қолданылып жатқан маркердің автокөліктер үшін қауіпсіздігі тексерілуде.
Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі 2020 жылдан бері кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Бұл жүйе тауар айналымының ашықтығын арттырып, заңсыз импортпен күресуге мүмкіндік береді.
Сауда министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдеден бері таңбалау жүйесі дәріханаларда заңсыз сатылған 26 мыңнан астам тегін дәрі-дәрмек қаптамасын анықтаған. Нәтижесінде 31 ұйымға 12,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, тағы 43 дәріханаға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.