Қазақстанда ұсақ бұзақылық үшін жаза күшейтіледі

Көркем Алдабергенова 23 мау. 2025 19:03

Қазақстанда ұсақ бұзақылық үшін жаза күшейтіледі. Бұл жөнінде Сенат депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, 2025 жылғы 10 қаңтарда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданған. Соған сәйкес, ӘҚБтК жаңа баптармен – 49-1, 49-2 және 914-1-баптармен толықтырылды. Бұл нормалар қоғамдық жұмыстар институтын енгізуді көздейді және 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енеді.

Үкімет басшысы ұсақ бұзақылық бойынша (ӘҚБтК-нің 434-бабы) жазалау шаралары да қатайтылғанын атап өтті. Атап айтқанда:

434-баптың 1-бөлігіне сәйкес: 20 АЕК (1 АЕК – 3 932 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу, не болмаса 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.

434-баптың 2-бөлігіне сәйкес: 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу немесе 60-тан 100 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар санкциясы енгізілді.

«Осылайша, бұзақылық әрекеттерге қатысты жаза түрлерін қатаңдату мәселесі құзырлы мемлекеттік органдардың бақылауында болып, тиісті шешімдер қабылданды», – деді Премьер-министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар