Қазақстанда үш жаңа автокөлік бренді шығарылады

Қазақстанда үш жаңа автокөлік бренді шығарылады
pixabay.com

Қазақстанда 2028 жылға дейін үш жаңа автокөлік маркасының өндірісі іске қосылып, жүргізушісіз жүк тартқыштар шығарыла бастайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.

Министрдің айтуынша, алдағы жылдары елдегі автомобиль өнеркәсібі жаңа кезеңге өтіп, өндірілетін көлік түрлері кеңейеді.

«2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарын шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделуде», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы жалпы инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттары іске қосылған.

Сондай-ақ автозауыттарда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Қауіпсіздікті жедел басқаруға арналған жасанды интеллектке негізделген ахуалдық орталық іске қосылды. Интеллектуалды платформа бейнекамералардан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, тәуекелдерді, төтенше жағдайларды және ауытқуларды жедел анықтап, оларды уақытылы жоюға мүмкіндік береді», – деді министр.

Министрдің айтуынша, бұл жобалар автомобиль өнеркәсібінің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа технологияларды енгізуге және электр көліктеріне арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.