Қазақстанда ұялы телефондарды тексеру мен растау (верификация) ісі мемлекет құзыретіне берілуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәжіліс баспасөз қызметінің мәліметінше, мақұлданған заң жобасында абоненттік құрылғыларды верификациялау саласына мемлекеттік монополия енгізу қарастырылған. Бұл міндетті Мемлекеттік радиожиілік қызметіне беру ұсынылған.
Депутаттардың айтуынша, мұндай өзгеріс азаматтарға сатып алған телефонының түпнұсқа әрі сапалы екеніне кепілдік беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шара қоғамдық және жеке қауіпсіздікті күшейтіп, нарықтағы адал бәсекені қалыптастыруға, бағаның ашық болуына және кедендік бақылауды күшейтуге ықпал етпек. Сондай-ақ ұялы телефон ұрлығының санын азайтуға көмектеседі.
Заң жобасында бұдан бөлек, телефон алаяқтығының алдын алу және оның жолын кесу үшін ақпараттық-талдау жұмыстарын күшейту көзделген. Сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымын дамыту және телекоммуникация саласына жаңа технологияларды енгізу жоспарланып отыр.
Оған қоса, халықаралық трафикті орталықтандырылған телекоммуникациялық басқару жүйелерін айналып өтпей өткізу тәртібі нақтыланып, рұқсат етілмеген трафикті өткізуге және байланыс желілерін заңсыз пайдалануға тыйым салу ұсынылған.