Қазақстанда тағы бір қала өз жұмыс режиміне көшті

Көркем Алдабергенова 14 нау. 2025 10:07 218

Риддерде мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар және әлеуметтік қызметтер үшін жұмыс кестесі өзгерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

14 наурыздан бастап Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғындары үшін жұмыс күні бір сағат ерте басталады – сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін.

Қала әкімдігінде бұл өзгеріс еңбек процесін оңтайландыруға және жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталғанын, сонымен қатар өңірдің климаттық ерекшеліктері ескерілгенін түсіндірді.

“Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының 11 ауданы жаңа жұмыс кестесіне көшті, және біз бұл бастаманы қуана қабылдадық. Жұмыс кестесін өзгерту – күн тәртібін ыңғайлы әрі өнімді етуге жасалған қадам. Енді тұрғындар таңертеңгі уақытты тиімді пайдаланып, жарық кезеңде көбірек іс атқара алады, бұл қосымша күш салуды қажет етпейді”, – деп түсіндірді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Болат Ақужанов.

Ол бұл өзгерістердің жұмыс істейтін азаматтарға да, олардың отбасыларына да пайда әкелетінін атап өтті.

Бұл өзгерістер мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге әсер етпейді, өйткені олар бұрыннан 08:00-ден бастап жұмыс істеп келеді.

Риддер қаласы әкімінің орынбасары Болат Ақужановтың айтуынша, жаңа жұмыс кестесіне көшу туралы шешім қабылдамас бұрын бірнеше кездесулер өткізіліп, мәселе жан-жақты талқыланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар