Қазақстанда шетел азаматтарына арналған QazETA мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр. Оның көмегімен бірқатар көші-қон қызметтерін онлайн рәсімдеуге, соның ішінде смартфон арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуға мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, аталған қызметтерді іске қосуға қажетті заңнамалық түзетулер қазір Сенаттың қарауында жатыр.
Сондай-ақ Ержан Сәденов халықаралық әуежайлар мен ірі шекаралық өткізу бекеттерінде шетел азаматтарына QR-коды бар туристік карталар беріліп жатқанын айтты. Картада Қазақстанда болу ережелері, төтенше жағдай қызметтері мен ұялы байланыс операторлары туралы ақпарат қамтылған.
Жаңа қосымша шетелдіктерге мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуды жеңілдетіп, елге келушілер үшін рәсімдерді цифрландыруға мүмкіндік береді.