Қазіргі таңда еліміздегі 22 мыңнан аса білім беру ұйымында 6 миллионға жуық оқушыға 600 мыңнан аса педагог білім береді. Оның ішінде 400 мыңнан аса педагог орта білім беру саласында еңбек етіп жүр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрлік мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында қазақстандық білім беру ұйымдарына 10 мыңнан аса жас педагог жұмысқа қабылданған.
Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы кейінгі бес жылда 2 есе көбейіп, жаңа оқу жылынан бастап 84 мың теңгеге жетті.
2024-2025 оқу жылында 1800-ге жуық "Алтын белгі" иегері педагогикалық мамандыққа оқуға түссе, биыл 2 мыңнан аса үздік түлек ұстаз мамандығын таңдаған. Бұл – осы жылы оқу бітірген "Алтын белгі" иегерлерінің 23 пайызға жуығы.