Қазақстанда психологтардың қызметін реттеуге бағытталған жаңа бастама ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу, мамандарды оған енгізу және шығару қағидаларын бекіту туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа құжатқа сәйкес, елде ресми мемлекеттік психологтар тізілімі қалыптастырылады. Бұл тізілімде кәсіби талаптарға сай келетін мамандар туралы ақпарат жинақталады.
Министрліктің мәліметінше, бастама 2026 жылғы 2 шілдеде қабылданған «Психологиялық қызмет туралы» заңды іске асыру мақсатында әзірленген. Бұған дейін Қазақстанда психологтардың қызметін реттейтін жеке заң да, мемлекеттік тізілім де болған емес.
Мамандардың пікірінше, бірыңғай реестр психологтардың кәсіби мәртебесін нақтылап, азаматтарға білікті мамандарды таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар бұл психологиялық қызмет көрсету саласындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Құжат қоғамдық талқылаудан өткеннен кейін тиісті тәртіппен бекітіледі.