Қазақстанда полиция мен төтенше жағдайлар қызметі Жаңа жыл мерекесі қарсаңында күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ІІМ вице-министрі Игорь Лепёха қару-жарақ дүкендері, қылмыстық-атқару жүйесі нысандары және ойын-сауық орындары маңында жұмыс күшейтілгенін мәлімдеді. Мереке күндері полиция көпшілік жиналатын орындарда тәулік бойы кезекшілік атқарып, жол қозғалысын қатаң түрде бақылауға алады.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың айтуынша, еліміз бойынша өрт қауіпсіздігі шаралары, әсіресе адамдар көп жиналатын нысандарда күшейтілген. Құтқарушылар жаңа жылдық іс-шаралар өтетін аумақтарды тексеріп, күрделі учаскелерде жылыту пункттерін орналастырды және шұғыл эвакуация үшін ТЖМ авиациясының дайындығын қамтамасыз етті.
Сондай-ақ шұғыл қызметтер ІІМ, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерімен өзара іс-қимылды жолға қойды. Халыққа қолайсыз ауа райы мен автожолдардың жабылуы жөніндегі ақпарат жедел түрде жеткізіліп отырады.
