Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында бірқатар негізгі металл түрлерін өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ең үлкен төмендеу мырыш өндірісінде байқалды. Алты айдың қорытындысы бойынша оның көлемі 112,9 мың тоннаны құрап, бір жыл ішінде 14,8%-ға азайған.
Сондай-ақ алюминий өндірісі 14,1%-ға қысқарып, 772 мың тоннаға дейін төмендеді. Ал алтын өндіру көлемі 33,6 тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12,7%-ға кеміген.
Өзге металл түрлері бойынша да төмендеу тіркелді. Атап айтқанда, мыс өндірісі 232 мың тоннаға жетіп, 4,5%-ға азайды. Ферроқорытпа шығару көлемі 1,078 млн тоннаны құрап, 3%-ға қысқарса, күміс өндірісі 306,6 тонна болып, 2,8%-ға төмендеген.
Ал қара металлургия саласында керісінше аздаған өсім байқалды. Болат өндірісі 0,4%-ға артып, есепті кезеңде 2,2 млн тоннаға жеткен.