Қазақстанда тірі туған әрбір мың нәрестеге шаққандағы өлім көрсеткіші үш жағдайды құрады. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан БҰҰ-ның балалар өлімін азайтуға қатысты тұрақты даму мақсаттарын мерзімінен бұрын орындаған. Сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін елімізде 16 жаңа балалар ауруханасы мен перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр.
Ведомствоның хабарлауынша, бүгінде дене салмағы өте төмен болып туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 57%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті арттыру үшін мамандандырылған медициналық көмекті дамыту және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту көзделген.
Сондай-ақ жүктілік кезінде медициналық бақылауды қамтамасыз етуге және туа біткен ауруларды ерте анықтауға ерекше назар аударылып отыр.
Министрліктің мәліметінше, «Аналар саулығы» бағдарламасы аясында ұрықтың саулығын сақтау орталықтарының 22-сінде бір күндік клиникалар ашылып, диагностика мен құрсақішілік емдеудің заманауи әдістері енгізілген.
Нәтижесінде туа біткен даму ақауларын анықтау көрсеткіші 12%-ға артып, осы себептерге байланысты нәресте өлімі 15%-ға төмендеген.