Қазақстанда шикі мұнайдың бағасы төмендегенімен, жанармай мен басқа да мұнай өнімдерінің құны өсе түсті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мамыр айында бір тонна шикі мұнайдың орташа бағасы 99,7 мың теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға төмен. Мұнай бағасының ең айқын арзандауы Ақтөбе және Атырау облыстарында тіркелген.
Алайда мұнай өңдеу зауыттары өндірілетін жанармай бағасын көтерген. Бір тонна бензиннің құны бір жыл ішінде 15,6 пайызға өсіп, орта есеппен 197,3 мың теңгеге жеткен.
Жазғы дизель отынының бағасы да қымбаттап, бір жылда 11,3 пайызға артқан. Қазір оның бір тоннасы орта есеппен 257,9 мың теңге тұрады.
Сонымен қатар басқа да мұнай өнімдерінің бағасы өскен. Сұйытылған газдың құны бір жылда 18 пайызға қымбаттаса, тұрмыстық пеш отынының бағасы шамамен 15 пайызға артқан.
Ал жол құрылысына пайдаланылатын битум ғана ерекшелік көрсеткен. Оның бағасы бір жыл ішінде, керісінше, 7,5 пайызға төмендеген.