Мәжілісте Қазақстандағы көлік жүргізушілерінің құқығын қорғауға бағытталған бастама көтерілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының фракциясына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабына қатысты халықтан көптеген шағымдар түскен. Бұл бапқа сәйкес, алкогольдік, есірткілік немесе токсикоманиялық масаң күйде көлік басқарғаны үшін немесе көлікті мас адамға бергені үшін азаматтар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
Алайда қазақстандықтар аталған баптың қазіргі редакциясы бірқатар әлеуметтік және құқықтық проблемалар тудырып отырғанын алға тартады.
Халықтың басты шағымдары қандай?
- Жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру - әлемдегі ең қатаң жазалардың бірі. Бұл жаза құқық бұзушылықтың ауырлығын ескермейді (мысалы, жол-көлік оқиғасының болмауы немесе қандағы алкогольдің төмен деңгейі).
- Заң бұзушылықтың дәрежесі ескермейтін жүйе. Әкімшілік соттар 608-бап бойынша істерді көбіне формалды түрде қарайды. Негізгі дәлел - медициналық қорытынды ғана.
- Кәсіби жүргізушілер үшін ауыр соққы. Бульдозеристер, кран жүргізушілер, такси жүргізушілері мен курьерлер - көлік жүргізу арқылы күнкөрісін тауып отырған азаматтар табыс көзінен айрылып, отбасылары қаржылық қиындыққа тап болуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 500 мыңға жуық адам такси және жеткізу қызметтерінде жұмыс істейді.
- Жазаның шамадан тыс қаталдығы жемқорлық тәуекелдерін тудырады.Жүргізушілер тарапынан полиция қызметкерлерінің теріс әрекеттеріне қатысты шағымдар жиі түсуде.
- Масаңдық деңгейін анықтау әдістеріне сенімсіздік. Алкоголь мен есірткі заттарын анықтау тестілерінде қателіктер кетуі мүмкін.
Статистика не дейді?
ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитетінің мәліметі бойынша, аталған баптың жаңа редакциясы қабылданғалы бері 200 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. Ал 2022-2024 жылдары елімізде 62 317 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның 1 266-сы масаң күйде жасалған.
Халықаралық тәжірибе қандай?
«Ауыл» партиясы халықаралық тәжірибені зерделеп, бірқатар қызықты салыстыруларды ұсынды:
- Германия: 0,5 промиллеге дейін - айыппұл, 0,5-1,1‰ - айыппұл және уақытша құқықтан айыру, 1,1‰-ден жоғары - қылмыстық жауапкершілік.
- Франция: 0,5‰ асса - 3 жылға дейін уақытша құқықтан айыру (ЖКО болса немесе тесттен бас тартса - жаза күшейеді).
- АҚШ: Жазалар аймаққа байланысты, бірақ құқықтан айыру мерзімі сирек 3-5 жылдан асады.
- Ресей: Алғашқы бұзушылық үшін 1,5-2 жылға құқықтан айыру.
"Ауыл" партиясының ұсыныстары:
- Ішкі істер министрлігі қазіргі қолданыстағы 15 тәулікке қамау және 7 жылға құқықтан айыру шараларын сақтау қажеттілігі бойынша аргументті талдау ұсынсын.
- Алкоголь және есірткі заттарын анықтау бойынша бірізді ережелер әзірлесін. Талдауды өткізетін зертхананы таңдау құқығы мен қайта тексеру мүмкіндігі қарастырылсын.
- Жол ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған тиімді профилактикалық шараларды ұсынсын.