Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру басталды: 21 мыңнан аса азамат армия қатарын толықтырады

Сағыныш Сардарова 17 нау. 2026 13:16

Мемлекет басшысы "Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2026 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы" жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент жарлығына сәйкес 17 наурыздан бастап қалалық және аудандық шақыру комиссиялары азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады.

"30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы 21 мыңнан аса азаматты Қарулы күштердің, басқа да әскер мен әскери құралымдардың қатарына шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 мыңнан аса адам Қарулы күштерге, 7 мыңнан аса адам ІІМ Ұлттық ұланға, 2 мыңға жуық адам ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ге жуық адам Төтенше жағдайлар министрлігіне, 300 адам Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады",  – деді ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков.

Ол азаматтарға шақыру SMS-хабарлама және eGov порталындағы хабарландырулар арқылы кемінде үш күн бұрын жіберілетінін еске салды. Мұндай хабарламалар ресми шақыру болып есептеледі. Шақырту алған азамат жергілікті әскери басқару органына немесе шақыру пунктіне келуге міндетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove