Қазақстанда кей азаматтар мүлік салығын толық төлемеуі мүмкін. Жеңілдіктердің көпшілігі салықты толық алып тастамайды, тек салық есептелетін мүлік құнын азайтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мысалы, бөлек тұратын зейнеткерлердің салық салынатын мүлік құны 1000 АЕК-ке, яғни 2025 жылға есептегенде 3 932 000 теңгеге азайтылады. Бұл үшін азаматтың үйінде тек зейнеткерлер тіркелуі керек. Зейнеткер жалғыз тұруы міндетті емес.
Сонымен қатар, жер учаскесі бойынша да жеңілдіктер қарастырылған. 1000 АЕК көлеміндегі жеңілдік Кеңес Одағының батырлары және Социалистік Еңбек Ерлеріне, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алғандарға, "Отан" және үш дәрежелі "Еңбек Даңқы" ордендерінің иегерлеріне, сондай-ақ, "Алтын алқа" иегерлеріне беріледі.
Ұлы Отан соғысы және соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен мүгедектігі бар адамдар үшін жеңілдік көлемі - 1500 АЕК, яғни 5 898 000 теңге. Ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа дейінгі балалар өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлікке салық төлемейді.
Салық жеңілдігі есепке алынбаса, оны растайтын құжатпен жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі мемлекеттік кірістер басқармасына жүгініп, қайта есептеу туралы өтініш беруге болады.
2025 жылға есептелген мүлік салығын 2026 жылғы 1 қазанға дейін төлеу қажет. 2 қазаннан бастап берешекке өсімпұл есептеледі.