Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,3%-ға жетуі мүмкін

Көркем Алдабергенова 17 сәу. 2026 09:08

Қазақстанда газдандыру деңгейін 64,3%-ға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, бүгінде елде шамамен 13 миллион адам табиғи газға қол жеткізген. 2026 жылдың қорытындысы бойынша газдандыру деңгейін 64,3%-ға дейін жеткізу көзделуде. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (62,4%) жоғары.

Министрліктің атап өтуінше, биыл ел бойынша газдандыруға бағытталған 40 жоба іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 10 елді мекенде 32 мыңнан астам адам табиғи газға қосылмақ.

Жобалар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарын, сондай-ақ Ұлытау мен Жетісу облыстарын қамтиды.

Сонымен қатар "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральды газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңінің құрылысы жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін жылына 10 млрд текше метрге дейін газ тасымалдайтын құбырдың желілік бөлігін аяқтау жоспарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove