Қазақстандық Allur автокөлік компаниясы ел нарығында MG (Morris Garages) маркалы автокөліктерді жергілікті жерде өндіру мен сатуды іске қосқанын жариялады. Алматыда өткен брендтің ресми таныстырылымында оның даму жоспары, сондай-ақ елімізде сервистік және дилерлік инфрақұрылымды қалыптастыру бағыттары таныстырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жоба Allur мен Қытайдың ірі автокөлік өндірушісі әрі әлемдік көшбасшылардың бірі - SAIC Motor арасындағы стратегиялық серіктестіктің жалғасы болды. Ынтымақтастық туралы келісім 2025 жылы Шанхайда өткен 21-ші халықаралық автосалон аясында жасалып, тараптар MG брендін Қазақстанда дамыту және өндірісті жергіліктендіру жөнінде уағдаласқан.
1924 жылы Ұлыбританияда негізі қаланған MG бренді бүгінде SAIC Motor портфеліне кіреді және халықаралық инженерлік мұраны заманауи инновациялармен ұштастырады. Қазақстан Орталық Азиядағы өнеркәсіптік әлеуеті жоғары, инфрақұрылымы дамыған әрі технологиялық автокөліктерге сұранысы өсіп келе жатқан стратегиялық маңызды нарық ретінде қарастырылып отыр.
"MG бренді Allur портфелін толықтырып, қазақстандық тұтынушыларға сапалы әрі қолжетімді автокөліктер таңдауын кеңейтеді. Біз жаппай сегменттегі заманауи модельдерге тұрақты сұранысты байқап отырмыз және теңгерімді ұсыныс қалыптастыруды жалғастырамыз. Біз үшін брендті тек нарыққа шығару емес, оны өндірістік экожүйеге толық енгізу - жергіліктендіру, бірыңғай сапа стандарттары мен дамыған сервистік инфрақұрылым арқылы ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету - принципті маңызды", - деді Allur компаниясының президенті Оксана Холстинина жаңа брендтің маңызына тоқталып.
MG автокөліктерін шығару Қостанайдағы Allur зауытында жолға қойылады. Бұл - елдегі ең ірі автомобиль өндіріс алаңдарының бірі. Кәсіпорын бүгінде Chevrolet, Kia, JAC, Jetour, Geely Galaxy және Skoda брендтерінің көліктерін шығарады. Зауыттың жылдық қуаты 125 мың автокөлікке дейін жетеді, ал қолданылатын роботтандырылған желілер халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай.
SAIC Motor өкілдері өндірісті жергіліктендірудің маңызын және Қазақстанның MG бренді үшін өңірлік стратегиялық рөлін ерекше атап өтті. Компанияның вице-президенті Мо Идің айтуынша, Қазақстант- Орталық Азияда брендті дамытудың негізгі нарықтарының бірі.
"MG-ді Қазақстанда дамыту ұзақ мерзімді стратегияға негізделген. Жергілікті өндіріс толыққанды экожүйе құруға - өндірістен бастап сервистік қызметке дейін - мүмкіндік береді және брендтің өңірдегі позициясын нығайтады. Біз модельдер желісін жергілікті пайдалану жағдайына бейімдедік: интерфейс қазақ және орыс тілдерінде, қысқы пакет енгізілді, коррозияға қарсы қорғаныс күшейтілді. Allur компаниясымен серіктестікті жоғары бағалаймыз және MG брендінің әлеуетін бірге дамытуды көздейміз", - деді ол.
Жаңа брендтің өндірісі мен сатылымын іске қосу білікті жұмыс орындарын ашуға, өндірістік құзыреттерді дамытуға, озық технологияларды енгізуге және ел экономикасына қосымша серпін беруге бағытталған.
Қазір Қазақстан нарығында төрт модель ұсынылды:
- MG 5 - 7 890 000 теңгеден;
- MG ZS - 8 590 000 теңгеден;
- MG HS - 10 690 000 теңгеден;
- MG RX9 - 16 490 000 теңге.
Барлық модельге 5 жыл немесе 150 000 шақырымға дейін (қайсысы бұрын болса) кепілдік беріледі.
Бүгінде Allur компаниясы MG бренді бойынша Қазақстандағы ресми дистрибьютор ретінде Алматы, Астана, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Семей, Түркістан, Шымкент, Көкшетау және Ақтөбе қалаларында 11 дилерлік орталықты дамытып отыр. 2026 жылдың соңына дейін олардың санын 24-ке жеткізу жоспарланған.
