Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы азаматтардың өтелуі мүмкін емес несиелері есептен шығарылған жағдайда, оларды жеке табыс салығынан толық босатуды ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Nege.kz мәліметінше, қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, банк есептен шығарған берешек қарыз алушының табысы ретінде есептеледі. Сондықтан азамат одан жеке табыс салығын төлеуге міндетті. Қазір салықтан босату жеңілдігі тек жекелеген жағдайларда ғана қарастырылған.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қарыз алушының қиын өмірлік жағдайы мен банктің коммерциялық шешімдерін бір-бірінен ажырату қажет екенін айтты.
"Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтар, сондай-ақ шын мәнінде қиын өмірлік жағдайға тап болған қарыз алушылар берешегі есептен шығарылған кезде жеке табыс салығын төлеуден толық босатылуға тиіс. Бұл мәселеде мемлекеттің ұстанымы айқын. Алайда банк өз балансын оңтайландыру және провизияларды тарату мақсатында коммерциялық несиені есептен шығарса, бюджет салық түсімдерінен автоматты түрде айырылмауы керек. Сондықтан бұл мәселеге теңгерімді көзқарас қажет", - деді Серік Жұманғарин.