Елімізде бұрынғы сағат белдеуін қайтару туралы петиция 50 мың қол жинады. Енді бұл мәселені Сауда және интеграция министрлігі қарауы қажет, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еске салайық, 2024 жылы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Үкіметтің "Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы" Қаулысына сәйкес елдің бүкіл аумағы бірыңғай сағаттық белдеуге көшті. Содан бері Қазақстанның 16 облысы 5 сағаттық "UTC+5" белдеуінде орналасты. Алайда бұдан кейін сағат тілін кері жылжыту туралы петиция пайда болды.
Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин петиция 50 мың дауыс жинағанда қандай шешім қабылданатыны туралы сауалға жауап берген еді.
"Петиция 50 мың дауыс жинаса, біз арнайы жұмыс тобын құрып, белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдар мен сарапшыларды тарта отырып, оны қарайтын боламыз. Мен қазір алдын ала ештеңе айта алмаймын. Оның 50 мың дауыс жинағанын күтейік", - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы алғашқы ұсыныс 2020 жылы жасалды. Оған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет қаулысына қол қойды.
2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақыт бір сағатқа артқа жылжыды.