Қазақстанда білім берудің мемлекеттік стандарты жаңартылды

Қазақстанда білім берудің мемлекеттік стандарты жаңартылды
pixabay.com

Қазақстанда мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты жаңартылып, Жаңа Конституцияның қағидаттарына сәйкестендірілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңартылған стандартқа Конституцияның негізгі қағидаттары, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы және «Заң мен тәртіп» қағидаты жүйелі түрде енгізілді.

Сонымен қатар білім алушылардың жасанды интеллект пен цифрлық ресурстарды тиімді, қауіпсіз және жауапкершілікпен пайдалану құзыреттерін қалыптастыруға ерекше назар аударылған.

Жаңартылған стандартта Конституция негіздерін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін түсіну, мемлекеттік рәміздердің маңызын білу, мемлекеттік тілді құрметтеу және заң үстемдігі қағидатын сақтау жөніндегі талаптар да күшейтілді.

Құжатты сапалы енгізу мақсатында республикалық және өңірлік деңгейлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Министрлік мәліметінше, енгізілген өзгерістер білім беру сапасын арттыруға, оқушылардың заманауи құзыреттерін дамытуға және білім беру жүйесін Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес одан әрі жетілдіруге бағытталған.