Қазақстанда балаларға сәлемдесу әдебін ерте жастан үйрету ұсынылды

Қазақстанда балаларға сәлемдесу әдебін ерте жастан үйрету ұсынылды
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров ұлттық амандасу дәстүрін балалардың тәрбиесіне жүйелі түрде енгізуді ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың пікірінше, сәлемдесу мәнін балаға ерте жастан түсіндіріп, дұрыс амандасу дағдысын қалыптастыру қажет.

"Сәлемдесу – ұлттық болмысымызды айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі. Оны жас ұрпақтың санасына ерте жастан сіңіруіміз керек", – деді депутат.

Депутаттық сауалында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық мұраны сақтау мен дамытуға, сондай-ақ амандасу мәдениетіне қатысты айтқан пікірлеріне тоқталды.

Ерлан Сайыров сәлемдесу әдебін қалыптастыруға арналған бірыңғай талаптар мен әдістемелік құралдар әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар ұлттық амандасу дәстүрін еліміздегі барлық мектептің тәрбие жұмысына тұрақты түрде енгізу қажет екенін айтты.

"Мектептерде сәлемдесу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірыңғай әдістемелік құралдар әзірленуге тиіс. Бұл мәселе сынып сағаттарында көтеріліп, ата-аналармен бірлескен жұмыс арқылы насихатталуы қажет. Мұғалімдер де оқушыларға жеке үлгі көрсетуі керек", – деді Ерлан Сайыров.