Қазақстанда автокөлік саласына 31 жаңа мамандық енгізіледі

Қазақстанда автокөлік саласына 31 жаңа мамандық енгізіледі
pixabay.com

Қазақстанда автомобиль өнеркәсібіне қажетті жаңа кадрларды даярлау үшін 31 жаңа мамандық енгізіліп, тағы 22 қолданыстағы мамандық жаңартылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.

Министрдің айтуынша, елде жаңа кәсіптер мен құзыреттердің 9 салалық және 20 өңірлік атласы әзірленген. Оның ішінде «Машина жасау», «Көлік және логистика» салалық атластары, сондай-ақ Қарағанды мен Қостанай облыстарының өңірлік атластары автомобиль жасау саласын қамтиды.

«Нәтижесінде 31 жаңа мамандық қалыптасып, 22 қолданыстағы мамандық трансформацияланады. Соның негізінде жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын жаңартып жатыр», – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің сөзінше, еңбек нарығындағы нақты сұранысты анықтау үшін 73 мың кәсіпорын арасында ауқымды сауалнама жүргізілген. Оның ішінде 92 кәсіпорын автомобиль өнеркәсібі саласына тиесілі.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, алдағы үш жылда автокөлік өнеркәсібіне 10 мыңнан астам инженерлік және жұмысшы маман қажет болады.

Үкіметтің мәліметінше, жаңа мамандықтарды енгізу мен білім беру бағдарламаларын жаңарту автомобиль жасау саласында білікті кадр тапшылығын азайтып, өндірістің жаңа технологияларға бейімделуіне мүмкіндік береді.