Қазақстанда ата-аналар мен мұғалімдердің мектеп чаттарындағы қарым-қатынасын реттейтін бірыңғай ереже әзірленуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Брифинг барысында министрден "ата-аналар мен педагогтердің мектеп чаттарындағы қарым-қатынасына нақты талаптар енгізу қажет пе?" деген сұрақ қойылды.
Жұлдыз Сүлейменова мұндай тәртіп қажет екенін қолдады.
"Қазір осы мәселеге қатысты барлық пікірді жинап жатырмыз, пікірлерді көріп отырмыз. Кейбір ата-аналар бұл бастаманы жақсы түсініп, қолдайтынын да байқап отырмыз", - деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бастапқыда мұғалімдер кешкі сағат 18:00-ден кейін ата-аналардың хабарламаларына жауап бермеуі керек деген ұсыныс қаралған. Алайда министрлік бұл уақыт барлық мектепке бірдей сәйкес келмейтінін ескерген.
"Қажет болса, Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар чаттарына қатысты барлық мәселені реттейтін бірыңғай нормаларды әзірлеуге дайын. Меніңше, бұған уақыт келді. Бұлай жалғаса бермейді", - деді Жұлдыз Сүлейменова.