Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында арақ өндірісі артқанымен, коньяк, шарап пен сыра өндіру көлемі төмендеді. Сонымен қатар ішкі нарықта коньяк сатылымы да айтарлықтай азайған., деп хабарлайды dalanews.kz.
Арақ өндірісі мен сатылымы өсті
2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанда 47,2 млн литр арақ өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға көп. Ішкі нарықта арақ сатылымы да өскен. Қаңтар-тамыз аралығында 53,2 млн литр өнім сатылып, жылдық көрсеткіш 5,1%-ға артты.
Коньяк өндірісі 42%-ға қысқарды
Ал коньяк өндірісінде керісінше төмендеу байқалады. Биыл сегіз айда Қазақстанда 4,08 млн литр коньяк өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,04 млн литр болған. Осылайша, өндіріс көлемі 42%-ға азайған. Ішкі нарықтағы коньяк сатылымы да едәуір төмендеді. Былтыр қаңтар-тамызда 9,44 млн литр өнім сатылса, биыл бұл көрсеткіш 5,17 млн литрге дейін түскен. Төмендеу көлемі – 45,2%.
Шарап өндірісі де азайды
Қазақстанда шарап өндіру көлемі де қысқарған. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 8,35 млн литр шарап өндірілді. Былтыр осы кезеңде 10,37 млн литр өнім шығарылған. Демек, өндіріс 19,5%-ға төмендеді. Есепті кезеңде сыра өндірісі де кеміген. Биыл қаңтар-тамыз айларында 445 млн литр сыра өндірілді. Өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш 473,86 млн литр болған. Нәтижесінде өндіріс көлемі 6,1%-ға қысқарды.
Импортты қосқанда, Қазақстанның ішкі нарығына сегіз айда 482,29 млн литр сыра жеткізілген. Оның 51,5 млн литрі шетелден әкелінген.
Бұл көлемді ел халқының санына шаққанда, әр қазақстандыққа айына шамамен 3 литр сырадан келеді. Есептеуге балалар мен ересектерді қоса алғанда, бүкіл халық саны алынған. Сондықтан бұл көрсеткіш нақты тұтыну көлемін емес, жан басына шаққандағы шартты орташа мөлшерді білдіреді.
Алкоголь өнімдерінен бюджетке қанша акциз түсті?
2026 жылдың сегіз айында Қазақстанда өндірілген спирт пен алкоголь өнімдеріне салынған акциздердің жалпы көлемі 110,946 млрд теңге.