Қазақстанда жаңа «Әділет» саяси партиясы ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымда Әділет министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Әділет» саяси партиясын тіркеген.
Партия құрамына мұнай сервисі және тау-кен металлургиясы салаларының қызметкерлері, шахтерлер, сондай-ақ спорт, білім, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік, IT, заң және креативті индустрия өкілдері енген.
Партия бағдарламасы әділеттілік, жауапкершілік, тең құқықтылық, патриотизм және прогресс қағидаттарына негізделген. Негізгі басымдықтар қатарында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, тиімді институттарды дамыту, өңірлерді қолдау, цифрландыруды жеделдету, адами капиталды дамыту және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру бар.
Партия өкілдерінің айтуынша, «Әділет» өз қызметін кәсіби көзқарасқа, қоғамдық диалогқа және жауапты қоғамдық күн тәртібіне сүйене отырып, әділетті, заманауи әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды дамытуға қосылатын үлес ретінде қарастырады.
Алдағы уақытта партия өңірлердегі жұмысын бастап, ұйымдық құрылымын қалыптастыруды жалғастырмақ.
Еске салайық, бұған дейін, 7 мамырда бұрынғы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Айбек Дәдебайдың жаңа «Әділет» партиясын басқарғаны хабарланған болатын.