Қазақстанда автокөліктерге қатысты жаппай заңсыз схема әшкереленді, 70 күдікті және 11 млрд теңгеден астам шығын келтірілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Соңғы үш жылда Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаменттері алғашқы тіркеу алымынан жалтару арқылы 1,8 мыңнан астам автокөлікті заңсыз тіркеуге қою деректері бойынша 88 қылмыстық істі тергеген. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы келтірілген шығын көлемі 11,8 миллиард теңгені құрады.
Күдіктілер қатарында 70 адам бар. Олардың ішінде әкімшілік полиция басқармасының басшылары мен қызметкерлері, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының өкілдері және нотариустар бар.
«Мемлекетке 900 миллион теңге көлемінде алым төленіп, жалпы құны 31 миллиард теңге болатын 1,5 мың автокөлікке және 968 миллион теңгеге бағаланған күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды», – делінген ресми хабарламада.