Қазақстанда 4 миллионға жуық бала жаңа оқу жылын бастады

Қазақстанда 4 миллионға жуық бала жаңа оқу жылын бастады
Фото: ЖИ

Елімізде 8 мыңға жуық мектепте жаңа оқу жылы басталды. Биыл 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Қазақстан мектептерінде барлығы 4,1 миллионға жуық оқушы білім алады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Биыл оқу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. 2–4-сыныптарда бұрынғы бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалау болмайды. Оның орнына оқушылар әр тақырыптық бөлімді аяқтағаннан кейін білімін тексеруге арналған тапсырма орындайды.

5–7-сынып оқушылары "Конституция негіздері" пәнін оқиды. Ал 8–11-сыныптарға "Заң және тәртіп" сабағы енгізілді. Сонымен қатар 5–11-сыныптарда балаларға төтенше жағдайларда және күнделікті өмірде өзін қалай қорғау керегі үйретіледі.

Бірінші сыныпқа барған балалардың мектепке біртіндеп үйренуі үшін арнайы бейімделу уақыты қарастырылған. Оларға түсетін оқу жүктемесі де жеңілдетілді.

Оқушылар мен ата-аналар мұғалімдерге гүл сыйлай алады. Алайда ешкімді гүл әкелуге міндеттеуге болмайды.