Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазіргі уақытта 100 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған.
Бағдарлама аясында қолданыстағы вокзалдарға күрделі жөндеу жүргізіліп, кейбір елді мекендерде жаңа жолаушылар кешендері салынуда. Бірқатар нысанда ғимараттар кеңейтіліп, көтергіш құрылымдар күшейтілген, конкорстар, жаңа жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары салынған.
Сонымен қатар вокзалдардың шатыры мен қасбеттері жаңартылып, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау, байланыс жүйелері ауыстырылуда. Ғимараттардың іші жөнделіп, іргелес аумақтар абаттандырылуда.
Жаңартылған вокзалдар заманауи жиһаздармен, навигациялық жүйелермен, желдету және ауа баптау жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бейнебақылау, өрт және күзет дабылы, кіреберісті бақылау жүйелері орнатылуда. Қауіпсіздікті күшейту үшін интроскоптар мен металл іздегіштер қойылады.
Ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға да жағдай жасалуда. Вокзалдар пандустармен, лифтілермен және көтергіш құрылғылармен, тактильді навигациямен, қызметкерлерді шақыру түймелерімен, бейімделген санитарлық бөлмелермен және ақпараттық көрсеткіштермен жабдықталады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, теміржол вокзалдарында азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыру.